Паралимпиадашылар сайысқа сақадай сай
Паралимпиада ойындарына спортшылар сақадай сай. Күніне екі мезгіл оқу жаттығуын өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтеді. Қазақстандықтар дүбірлі додаға 33 жолдама жеңіп алған.
Франция төріндегі додада ұлттық құрама жүру, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, каноэ, тхэквондо, пара оқ ату, үстел теннисі және дзюдодан бақ сынайды. Қазіргі таңда спортшылар оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, жолға шығуға қамданып жатыр. Сынаққа сынбаған сайыпқырандардың алғашқы легі ертең Парижге аттанады.
Ержан Естаев, Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық орталықтың директоры:
– Спортшыларымыз тыңғылықты дайындалуда. Париж олимпиадасының алдында оқу-жаттығу жиындары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. алдымызда енді олимпиадаға дзюдо спортынан, пара пауэрлифтингтен, жеңіл атлетикадан, жүзуден сол спорт түрлерінен медальдар күтеміз.
Отырып волейбол ойнаудан ұлттық құрама Атлантадан кейін алғаш рет паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған. Қазір жерлестеріміз әлемдік рейтингте 75 команданың ішінде 6 сатыда тұр. Ал, Азия чемпионатының турнир кестесінде екінші орынға жайғасқан. Жерлестеріміз Париждегі тартыс алдында АҚШ пен Иранға барып, шеберліктерін шыңдап келді.
Паралимпиада қарапайым спорт емес. Бұл адам қабілеттерінің шексіздігін дәлдейді. Әрі, тағдырдың қатал сынағына мойымай, өмірін спортпен ұштастыра білген жігерлі жандардың сайысы. Биылғы жызғы паралимпиада ойындарында 44 спортшы бақ сынайды. Оның 12-сі отырып волейбол ойнаудан ел намысын қорғайды.

