Париж Олимпиадасы аяқталды
Спортсүйер қауымды екі апта бойы еліткен Париж Олимпиадасы аяқталды. 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 43-i орынға тұрақтады.
Аламан алдында біздің жанкүйерлерде үміттен күдік басым болғаны жасырын емес. Алайда Париж олимпиадасының алғашқы жүлдесі Қазақстанға бұйырды. Мергендер Ислам Сәтпаев пен Александра Ле үздік үштіктен көрінді.
Ал содан соң отандық дзюдоның тарихы қайта жазылды. 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Елдос Сметов чемпион атанды. Иә, додаға дейін сыннан көз ашпаған, ел ішіндегі іріктеуден өткен, содан соң Париж төренде атой салған Елдос қоржынға алтын жүлдені салды.

