V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 2 күн қалды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 2 күн қалды

Көшпенділер ойындарының басталуына 2 күн қалды. Ертең Қазанат ипподромында этноауыл ашылады. Онда «Астана – көшпенділердің астанасы» атты театрландырылған қойылым көрсетіледі. Шараға дүбірлі додаға келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады. Жыл өткен сайын ойынға қызығушылық танытып жатқандар саны артып келеді. Биыл Көшпенділер ойындарында шамамен 85 елден 2 мыңнан астам қатысушы бақ сынайды. 21 спорт түрінен жарыстар өткізіледі. 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қатысушылар елордаға жетіп, жаттығуларын бастап кетті. Мәселен, арқан тарту бойынша Ұлыбритания командасы қызу дайындалып жатыр. Ал, америкалық ковбойлар көкпар тартуға келді. Жолдың алыстығына байланысты аттарын алып келмеген. Қазір ұйымдастырушылар ұсынған жылқылармен танысып жатырмыз дейді.

Скотт Циммерман, көкпардан АҚШ құрамасының капитаны:

– Көшпенділер ойындарына үшінші рет қатысып жатырмын. Бір рет көкпар ойнасаң, елітіп кетесің. Біз ойынға қатысуға мүмкіндік алғанымызға өте қуаныштымыз. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жету бұл – арман және біз оны жүзеге асыруға тырысамыз.