Олимпиаданы қорытындылаған алқа отырысы
Париж Олимпиадасы бар былықтың бетін ашты. Министрлікке ешкім мін таға алмайды, нәтиженің төмендігіне федерациялар кінәлі. Туризм және спорт министрі алқа отырысында осылай деді. Ермек Маржықпаев қажет қаржы бөлініп, жан-жақты қолдау жасалғанын айтты. Тек жүйелеу жағы дұрыс емес.
Министр бірден ашуға мінді. Себебі, боксқа басқа спортқа қарағанда көзқарас ерек. Ақша да, көңіл де көп бөлінді. Бірақ, үміт ақталмады. Әзірлік төмен.
Алқа отырысына бұрынғы олимпиада чемпиондары да қатысты. Олардың қарқыны қатты болатын. Себебі, ел ішінде бәсеке қызу еді. Қазір Қазақстан чемпионатына шығатын жастар тапшы. Тіпті, Солтүстікте федерацияны айтпағанда бірде-бір боксшы жоқ. Ал, өнерлі өрендер өңірлерден іріктелуі тиіс. Тек жеребе әділ тартылып, жеңімпазға кедергі жасалмау керек.
Бокс федерациясына артылған жауапкершілік бес батпан. Салаға түбегейлі реформа жасалады. Ішінара мынадай өзгеріс те бар.
Федерациялардың 75%-ы бюджетке телміріп отыр. Одан бөлек спортты дамыту дирекциясы бойынша 3 жыл бойы 10 млрд теңгеден бөлініп жатыр. 3 млрд теңге қосымша қаржы тағы бар.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
– Жұмысты күшейтуге кей федерациялар ат салысты. Федерация басшылары ақша бөліп, демеуші тапты. Өкінішке қарай барлық президент жасап отырған жоқ. Бірқатар федерация көп жағдайда бюджеттен берілетін ақшаға тәуелді.
Жалпы, жұрт жұдырықтасу мен белдесуден көп жүлде күтті. Оң жамбасымызға келетін спорт түрлері болғандықтан түсінікті жайт. Ал, жүгіруден легионер алдырып, масқара болдық.
Теннисте де сондай жағдай. Сенімнен шықпады. Қысқасы спортшыларды сергітіп, саланы серпілту керек. Сосын елдегі 182 спорт түрінің 70 пайызы олимпиадалық емес. Сұрып пен сарап керек. Кадрларға да талдау жүргізіледі.

