Астаналықтар Нұрбек Оралбайға қолдау білдірді
Нұрбек Оралбай мен украиналық Александр Хижняктың кездесуі әлем назарында. Тіпті Қазақстанның әр жерінде жанкүйерлер үлкен экран алдына жиналып, жерлесімізге қолдау білдіріп жатты. Ал, астаналық ағайын Толқын спорт кешеніне жиналды. Тікелей көрсетілімнің дәл осы жасөспірімдерге арналған «Жоғары спорт шеберлігі мектебінде» ұйымдастырылуының өзіндік сыры бар. Нұрбек пен Айбек бокс үйірмесінің табалдырығын алғаш рет осы мекемеден аттаған.
Тақым қысып, былғары қолғап шеберінің тілеуін тілеуге келгендердің қарасы қалың. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осында. Нұрбек жұдырығын сермеген сайын жанкүйерлердің делебесі қозып, айқай шуға басып отырды.
Нұрбек Оралбай Париж олимпиадасында финалға дейін жеткен жалғыз боксшымыз. Жеңіске деген ерік-жігерімен, елжандылығымен әлемді мойындатты. Ақтық сында Украин боксшысы айласын асырғанымен, біз үшін Нұрбек чемпион!, - дейді жиналғандар.

