Тартысты бәйге бәсекесі

Тартысты бәйге бәсекесі

Көшпенділер ойындарын бәйге, теңге ілу, құсбегілік жарыстары түйіндеді. Аламан бәйгеде алматылық тұлпар топ жарды. Саятшылар арасында үздік құсбегілер анықталады. 

Көшпенділер ойындарының көркін бәйге қыздырды. Шашасына шаң жұқтырмаған тұлпарлар арқа төсін дүбірге бөледі. Жанкүйерлер де осы күнді асыға күткендей қиқуға басып, шабандоздарға шабыт берді. 

Алдымен ұшқыр бәйгелер жарысқа шықты. 1600, 2400, 3200 метр қашықтықтың барлығында көмбеге Қазақстан атынан түскен үш сәйгүлік жетті. 

«Құнан бәйге» жарысында да қазақстандық үш ат жүлде алды. Барлығы 15 құнан 11 шақырымға шапты.

Топ бәйгеде де Жарыс жолына 20-ға жуық жүйрік шықты. Бірақ 18 шақырымға 19 сәйгүліктің үшеуі ғана шыдап, мәреге жетті. Қазақстан атынан аламанға түскен Холибой атты тұлпар топ жарды.

Жорға жарыста қырғызстандық жылқы жылдам болды. «Чиксон Лок» мәре сызығын бірінші болып кесті. Бәйгеде Қазақстан сәйгүлігі екінші келді. Ал, 25 шақырымдық Аламан бәйгеде Айқабақ атты Алматы облысының аты мәреге бірінші жетті. Мәреге екінші болып тағы бір қазақстандық ат «Жұмыртұяқ» келді. Қырғыздар бәйгеге қосқан «Қара қыз» үшінші орын иеленді.

Сонымен қатар, теңге ілуде де қазақстандық спортшыларға тең келер қарсылас болмады. 

Бүркіт салудан ақтық сында Серікбек Күнтуған алтын жүлдеге ие болды. Бәсекеге 10 мемлекеттен 18 спортшы қатысты. Соңғы кездері төл өнерімізге, мәдениетімізге шетелдіктер қызыға бастаған. 

Ал түркиялық Недим Қызылбұға құсбегілікті зерттеп жүр. Докторлық диссертациясының тақырыбы – «Қазақтың бүркітшілік өнері». 

Айта кетейік, бес күн бойы этноауылда елші мен батырларға арналған бағдарлама бойынша барлық өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар өнерпаздарының концерті мен әртүрлі қолөнер көрмелері де өтті.