Қазақстан мен Нигерия астық пен сирек металл алмасуға мүдделі
Қазақстанның бидайы енді Нигерияға экспортталады. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Нигериядағы йоруба халқының рухани және саяси көсемі, Ифе королі Оони Адеейе Энитан Огунвусимен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, энергетика және логистика салаларындағы екіжақты әріптестік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстаннан Нигерияға бидай жеткізу және Орта дәліз арқылы Батыс Африка нарығына шығу мүмкіндіктерін қарастырды. Ал, Нигерия өз кезегінде Қазақстан нарығын сирек кездесетін металдармен қамтамасыз етуге ниетті. Айта кетсек, Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы өткен жылы 15,4%-ға өсіп, 789 млн АҚШ долларына жеткен. Алайда Нигериямен арадағы сауда көлемі әлі де төмен: 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстаннан экспорт көлемі – 31 мың доллар, импорт – 29 жарым мың доллар ғана. Мамандардың айтуынша, Нигерия - Африкадағы халқы ең жылдам өсіп жатқан елдердің бірі.

