Қазақстан мен Өзбекстан арасында тауарайналым артты
Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауарайналым көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. 2021 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 3 млрд долларға жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тауарайналым көрсеткіші 33% артқан. Сарапшылардың пікірінше, сауда-саттықтың негізгі бөлігі, яғни 72,5% экспортқа тиесілі. Ал жыл басынан бері өзара сауда 2,2 млрд долларға дейін өскен. Өз кезегінде импорт көлемі АҚШ валютасымен есептегенде 833 миллионнан асты. Көрші республикаға жөнелтілетін тауарлардың ішінде бидай, ұн, өнеркәсіп өнімдері, түрлі руда мен минерал, тоқыма және пластмасса материалдары бар. Өзбекстаннан елімізге кондитерлік өнімдер, әк, гипс, дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, киім-кешек жеткізіледі.
Бүгінде елімізде Өзбекстанның қатысуымен 1500-ге жуық кәсіпорын бар, бұл бір жыл бұрынғыдан 18% көп. Олардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен, сондай-ақ көлік жөндеумен айналысады.