Салық декларациясын дұрыс толтырмағандарға айыппұл салынбайды
Салық кодексінің кәсіпкерлікке кедергі болатын кейбір нормалары қайта қаралады. Үкімет бірқатар жеңілдік жасауды көздеп отыр. Мемлекет басшысы «Салық кодексі - қасиетті кітап емес, өзгертуге болады» деген болатын. Бүгін Олжас Бектенов саланы әкімшілендіру туралы кеңес өткізді. Цифрлық шешімдерді саралады. Биыл жаңа салық реформасына бейімделу кезеңі. Сондықтан кәсіпкерлер қандай да бір техникалық қателік жіберсе, жазаланбайды деді.
Дильназ Ерланқызы, Тілші:
- Салық жүйесі
толық цифрландырылды. Сондықтан өңдеу уақыты 1 сағаттан 1 минутқа қысқарды. Ал
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар e-Salyq Business қосымшасы арқылы бір-ақ сәтте
тіркеле алады. Биыл бейімделу кезеңі. Сондықтан Үкімет шағын және орта бизнесті
қатты қыспайды. Қандай да бір техникалық қателік жіберсе, айыппұл мен өсімпұл
салынбайды. Тек табысын әдейі жасырғандар ғана жазаланады.
Ержан Біржанов,
ҚР Қаржы вице-министрі:
- Қазір
оңтайландырылған салық салу режиміне көшуге 500 мыңнан астам өтініш өңделді. Салық
құжаттарын өңдеу уақыты 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды. Онлайн төлемдер
қамтамасыз етілді. Есептілікті тапсыру кезеңінде қателікті азайту үшін
жетілдірілген форматтық логикалық бақылау енгізілді.
Алайда айласын
асырып, салықтан жалтармақшы болғандар да аз емес. Ондай схемалардың түр-түрі
қазір цифрлық жүйелердің арқасында әшкереленіп жатыр. Нәтижесінде бюджетке
қосымша 700 млрд теңге қаржы түскен. Астанада кассалық тәртіпті бұзған мыңдаған
салық төлеуші анықталды. Ал Маңғыстау мен Алматыда ірі қаржылық махинациялар
тексеріліп жатыр. Сонымен қатар жалған электрондық шот-фактуралар жазған
кәсіпорындардың жолы кесілді. Жаңа цифрлық шешімдер салық пен кеден саласымен
шектелмейді. Олар баға мониторингіне, әлеуметтік төлемдер мен субсидияларды
есептеуге, заңсыз сатып алу рәсімдерін тоқтатуға және басқа да мемлекеттік
қызметтерге қолданылады.
Ержан Біржанов,
ҚР Қаржы вице-министрі:
- Салық
реформасы кәсібін адал жүргізіп отырғандарға еш кедергі келтіріп отырған жоқ.
Былтыр 480 мың кәсіпорын тіркелсе, жыл басынан бері тағы 22 мың кәсіп ашылған.
Керісінше, жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін олар заңды түрде тіркеліп,
жұмысын ашық жүргізе бастаған. Соның арқасында былтыр бюджет кірісі жоспардан
асып, қазынаға 24 трлн теңгеден артық қаржы түскен. Дегенмен Үкімет
кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған нормаларды қайта қарап, бірқатар
жеңілдік жасауды көздеп отыр.

