Қазақстан мен Өзбекстан «Азия шенгенін» енгізеді
Жібек жолы елдерінің өз шенгені пайда болады. Бірінші кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан арасында Silk Road Visa электрондық туристік визасын енгізу қарастырылуда, деп хабарлайды Sputnik.kz.
Жаңа механизм туристерге визалық, кедендік және шекаралық кедергілерден жеңіл өтуге көмектеседі. Мысалы қазіргі уақытта Қазақстанға немесе Өзбекстанға келген кез келген шетелдік әрбір мемлекеттің жеке-жеке визасын алу керек болса, енгізілетін инновациямен екі ел аумағы бойынша қозғалу әддеқайда жеңілдетіледі.
Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық және техникалық сипаттағы мәселелер шешілуде. Азаматтары виза алуға өтініш бере алатын елдер тізімі келісілді. Жобаны әзірлеушілер осы жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұл бастама Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда оң бағаланды.
«Өзбек тарапымен Silk Road Visa электрондық визасын енгізу жобасын іске асыру мәселелері бойынша екі консулдық кеңес жүргізіліп, жұмыс тобының төрт отырысы өтті. Өткізілген отырыстардың қорытындысы бойынша, Silk Road Visa электрондық туристік визасы туралы ереже және азаматтары аталмыш визаны алуға құжаттар тапсыра алатын елдердің бірыңғай тізімі келісілді», – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері.