Қазақстан мен Татарстан ынтымақтастығы

Қазақстан мен Татарстан ынтымақтастығы

Қазақстан мен Татарстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық оң қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы қос ел арасындағы өзара тауар айналым 423 миллион долларды құраса, осы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш шамамен 310 миллион АҚШ долларына дейін жетті. Татарстан Қазақстанмен өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық бойынша ресейлік субъектілер арасында көш бастап тұр.

Фарид Мухаметшин, Татарстанның мемлекеттік кеңес төрағасы:

– Мен біздің жетекші мұнай және автоөндіруші компаниялардың басшыларымен сөйлестім, олар біз президенттеріміздің ынтымақтастық және бірлескен өндіріске мүмкіндіктер жасау туралы келісімдерін орындап жатырмыз дейді.

Қос ел жаңа бірлескен жобаларды да жүзеге асырмақ. Қазіргі уақытта Қостанай және Қарағанды облыстарында автокомпоненттер мен шина шығаратын үш зауыт салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

– Бұл жобалардың барлығы қазір Қазақстан аумағында жүзеге асырылуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр, ең бастысы, бұл локализация. Мұнай-газ саласында бутадиен өндіру бойынша өте маңызды жобаға қол қойылды.