Қазақстан суды үнемдеу технологиялары бойынша Қытайдың тәжірибесін игереді

Қазақстан Қытайдың су үнемдеу технологиясын зерттеуге мүдделі. Еліміздің сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, аспан асты елінде бұл бағытта тиімді тәжірибелік шешімдер жинақталған. Тіршілік көзін ысырап етпеудің қамы жайында ведомство басшысы Қытайға жұмыс сапары аясында Шыңжан Ұйғыр автономиялық ауданының  басшысымен кездесуінде талқылауды жоспарлап отыр. Бұл орайда айта кетерлігі, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі 2023-2026 жылдарға арналған тиімді су тұтыну жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі. Құжат еріген қар суын жинауға арналған жаңадан нысандар салу мен  мемлекетаралық арналарды жаңғырту, көрші елдерден келетін суды есепке алу жүйесін жетілдіру шараларын қамтиды. Бұған қоса, еліміздің аграрилеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін жақсарту мен егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын есепке алудың заманауи жүйелерін енгізуді көздейтін бірқатар тың жоба кіреді. Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында «Қытай - Орталық Азия» саммитінде Қазақстан Президенті ҚХР-мен бірлесіп су шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу бағдарламасын әзірлеуді ұсынған.