Қазақстан Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық  көмек жібереді. Айта кетейік, бұл мәселе үкіметтік комиссия отырысында талқыланды. Жүктер елімізден әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтіледі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бауырлас халықтың қайғысына ортақтасқан қазақстандықтар жан-жақты қолдау жасауда. Отандық еріктілер қуатты зілзала ошағына айналған Кахраманмарашта киіз үйлер  орнатқан болатын. Осыдан бір күн бұрын қираған шаһар тұрғындарына қол ұшын созған жерлестеріміз гумманитарлық заттар мен киіз үйлер тиелген 8 жүк көлігін жіберді Табиғи апат орнына жеткен қазақстандық құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінге дейін олар үйінділер астынан жеті жапашегушіні аман алып шығып, 88 адамның мүрдесін тапқан. Араларында қаза болған 10 баланың денесі бар. Бұған қоса, отандық дәрігерлер зардап шеккен 140-тан астам тұрғынға алғашқы көмек көрсетті.