Қазақстанда әлемдік фармацевтикалық компаниялар өз өндірісін ашады

Қазақстанда әлемдік фармацевтикалық компаниялар өз өндірісін ашады

Қазақстан елдің денсаулық сақтау саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуға ниетті. Бұл мақсатта Үкімет әлемдік  фармацевтикалық өндіріс ошақтарымен әріптестік аясын кеңейтпек. Мәселен, жақында Pfizer компаниясымен ел аумағында өндірісін құруға қатысты жаңа инвестициялық келісім жасау көзделіп отыр. Сондай-ақ, бізде осы саланың енді бір алпауыты AstraZeneca-ның бірегей препараттарының өндірісі жолға қойылмақ. Тараптар уағдаластығы бар. Инвестиция көлемі 32 млн долларды құрайды. Бұған қоса ірі америкалық медициналық техника шығаратын компаниямен құны 60 млн доллар болатын негіздемелік келісімге қол қойылды. Қазір «Roсhe» өндірісімен  2,5 млн долардың бірқатар жобасы пысықталуда. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Түркия, Египет және Израиль инвесторларымен бірқатар келісім-шарттық өндіріс жобалары жүзеге асырылуда. Үкіметте өткен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында елдің денсаулық саласына қатысты осы және өзгеде жобалар легі қаралды. Жиында заманауи медициналық технологияларды ендіру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және білікті мамандар даярлауға қатысты мәселелер талқыланды. Бұл ретте айта кетерлік жайт, былтыр саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 540 млн доларға жетіп, өсім 30% құрады. Соңғы 7 жылда фармацевтика нарығының көлемі 2,9 есеге артқан. Ел Премьер-Минстрінің дерегінше, жеке инвестиция тарту арқылы 20 жаңа көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ елде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны іске қосылып, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады.