Қазақстанда алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды

Қазақстандықтар елді-мекендердің дамуына тікелей әсер ете алады. Ол үшін өзі тұратын аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауға қатысуы қажет. Яғни, саяси науқанынан шет қалмаған азамат елдің қамы мен мүддесін арқалайтын жергілікті билікті тізгіндей алатын басшыны таңдауға үн қосады. Сарапшылар тұрғындардың сенім артқан үміткерге дауысын беруі елдің саяси жаңғыруы мен демократияға бастаған нық қадам деп бағалап отыр. Еске сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерінің сайлауы өтті. 5 қарашада миллионнан астам адам өз таңдауын жасады. Жалпы 45 әкім лауазымы тігілген саяси бәйгеге 125 үміткер түсті. Дені көш бастауға лайықпын деп өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Енді топ жарғандарына сертіне адал болып үмітті ақтау үшін сөзден нақты іске көшу керек.  

Арман Тоқтышақов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
-
Жалпы тұтастай алғанда бұндай сайлаудың елдің саяси және мемлекеттік жүйесіне, ең бастысы қоғам мен халық үшін қандай игілігі бар, яғни қай тұсынан артықшылығын атап өтуге болады?  Егер біз саяси жағынан алып қарайтын болсақ, жүйені демократияландыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету, аймақтық деңгейде сайлау жүйесін енгізуді айта аламыз. Сондай-ақ жаңа мемлекеттік басқарушылар пайда болады. Әкімдердің өздері үшін бұл үлкен саяси тәжірибе болмақ. Ал қоғам үшін берер шарапаты айқын деп ойлаймын. Ең алдымен адамдар сайлауға тікелей қатысып өзі сенген үсіткерді даңдай алады.  Осылайша олардың саяси мәдениеті, саяси сауаттылығы артады.

Жалпы ел аумағы бойынша  барлығы 42 аудан және 3 қалада бір жарым мыңға жуық сайлау учаскелері орналастырылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың саяси науқанға қатысуы 63%-ті құрады.