Беларусь мәдениет күндері Қазақстанда өтті
Қазақстанда Беларусь мәдени күндері өтті. Шара аясында елордада Беларусь киносының көрсетілімі болды. Шара шымылдығын «Диверсанттың тағдыры» атты фильм ашты. Жалпы қазақстандық көрермен аталмыш елдің 13 кинотуындысын тамашалады. «Ізгілік пен достыққа үндейтін картиналар кәсіби тұрғыда шебер түсірілген», – дейді ұйымдастырушылар. Беларусь елінің мәдениет күндері дәстүрге айналды.
Павел Утюпин, Қазақстандағы Беларусь елшісі:
- Біз іс-шараларымызды Беларусь киносынан бастадық. Үш күн бойы көркем және анимациялық фильмдер ұсынылды. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы, партизандардың ерлігіне, соғыстан кейінгі қираған елдің экономикасын көтеруге қатысты туындылар бар. Бұл таңдауды дұрыс бағалап, қазақстандық көрермен Беларусь елінің мәдениетімен жақын таныса алды деп ойлаймын.
Қазақстанның Ұлттық мұражайында мәдени күндер аясында «Қазіргі Беларусь суретшілер көзімен» атты көрме ұйымдастырылды. Онда қойылған қылқалам шеберлерінің 35 көркем өнер туындысы аталмыш елдің болмысы мен әсем табиғи көріністерін барынша танытады. Өзен-көлдер, тоғайға бай өлкелер, егіс алқаптары, үйлер, діни шіркеулер мен қала өмірінің тыныс-тіршілігі. Экспозиция республиканың бар өңірін қамтиды. Қоршаған орта, тұрмыстық салт сынды тақырыптық аясы кең.
Глеб Отчик, Беларусь суретшілер одағының төрағасы:
- Қалалардың қайсысы болмасын өзен бойында салынғаны белгілі. Бізде жасыл желек өте көп, ел ну ормандарға оранған. Бұл жерде көктем, жаз, күз және қыс мезгілдерінің ерекше көріністерін жеткізуді мақсат тұттық. Суретшілердің дені – жастар. Қазір елімізде жастарға үлкен көңіл бөлінеді. Елдердің арасында достық байланысымыз үзілмей келетіні қуантады. Осы қарқынымыздан таймай, тек оны еселеуге күш салуымыз керек.
Беларусь елшілігінде атап өтілгендей, енді өз кезегінде Қазақстанның мәдени күндері келер жылға жоспарланған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов