Қазақстанда биоқауіпсіздік тест әзірленді

Қазақстандық шаруалар төл өнімдерінің сапасын өздері тексере алады. Елімізде келер жылдан мал шикізатындағы антибиотиктер мен түрлі жұқпалы ауруларды анықтауға арналған отандық сынақтар пайда болады. Ветеринарлық құрылғы сынақ нәтижесін 10 минуттың ішінде шығарады. Бұл елордадағы биологиялық қауіпсіздік бойынша Қазақстан-Қытай зертханасының өнертабысы. Бірегей өнім құны шетелдік балама түрлерінен арзан болғанымен, сапасы еш кем түспейді дейді зертхана меңгерушісі – Жанар Ақанова. Кең өндіріс жолына қойылған сәтте  қазақстандық экспресс тест барлық мамандандырылған ветеринарлық дүкендерде қолжетімді болмақ.

Жанар Ақанова, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасының меңгерушісі:
- Сынақ жүйесі толықтай дайын. Келесі қадам оны апробациялап, кейін өндіріс жолына қою керек. Яғни коммерцияландырамыз. Экспресс тест жетілдіріліп, жаңғыртылды. Реагенттер көлемі азайтылды.  Сынаққа қажеттің бәрі бір жинақта болады. Шаруаларға тек тексеретін сүті мен малдың биологиялық сұйықтығы болса жеткілікті. Жалпы қазір антибиотиктердің резистентілігіне қатысты мәселелер көп. Қауіпті дер кезінде анықтау маңызды. Бұл ретте экспресс сынақ қолдануға жарамсыз өнімді нарыққа шығармай, бірден көзін жоюға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, зертхана қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы зертханалар тізіміне енген. Ендігі мақсат – Қытайда аккредитация алу. Бұл оның қызметін кеңейтіп, азық-түлік өнімдерін экспортқа шығаратын компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алпауыт аспан асты елі нарқының қазақстандық өнімге деген сенімін ұялатады дейді мамандар.

Бауыржан Абызбаев, АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а.:
- Қазір республика аумағында ветеринарлық-эпизотикалық ахуал тұрақты. Қазіргі таңда алдымызда экспорттық тауардың көлемін ұлғайту мәселесі бойынша Қытай тарапынан екі топты күтіп отырмыз. Қытай тарапынан сарапшылар келгенде шектеулерді шешу мәселесін жан-жақты талқылап, республиканың аумағындағы бірқатар кәсіпорындарды көрсетіп, біздің ветеринарлық барлық ұжымдағы жүйемізге аудит жүргізеді.