Қазақстанда дәрі-дәрмектің шекті бағасы анықталады

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті бағасын қайта қарауда. Ведомство олардың құнын жақын арада бекітуді жоспарлап отыр. Қазір көтерме және бөлшек саудаға арналған 7705 дәріні қамтитын жоба қалыптасты. Бұған дейін бұл тізімде 7256 дәрі-дәрмек болған. Жалпы бағаның 88%-і өзгеріссіз қалды. Ал 10%-і өсіп, 2%-і арзандайды деп күтілуде.

Фархат Оразалы, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүргізіліп жатыр. Баға лимиттерін бекіту кезінде ескерілуі тиіс белгілі бір механизмдер бар және монополияға қарсы органмен келісілгеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі екінші жартыжылдыққа арналған шекті бағаларды бекітеді. Баға шектеулері дәрі-дәрмектің оңтайлы құнын ұстап тұруға және кейбір дәрі-дәрмектерге негізсіз артық баға қоспауға мүмкіндік береді.

1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау енгізілгенін айта кеткен жөн. Соның арқасында дәрілердің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға болады. Тиісті басқарманың айтуынша, аталған жаңашылдық дәрі-дәрмектің заңсыз айналымымен күресуге көмектеспек. Сондай-ақ олардың құнына әсер етпейтіні айтылды. Дәрілік препараттарды уақытылы таңбаламаған кәсіпкерге 400 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.