Қазақстанда қант қызылшасы егісін көбейту ұсынылуда

Қазақстанда қант қызылшасы егісін көбейту ұсынылуда

Қазақстанда қанттың құны шарықтап барады. Ел аймақтарында тәтті тауардың келісі 400-800 теңге аралығын құрап отыр. Бұл шекті көрсеткіш емес: күзге қарай баға тіпті 1000 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін дейді мамандар. Тауар бағасының айтарлықтай көтерілуін шикізат бағасының қымбаттауы және оны жеткізудегі логистикалық қиындықтармен, атап айтқанда көршілес Ресей елінен жеткізілімдердің тоқтатылуымен байланыстырады. Қант төңірегіндегі дүрбелең ұзаққа созылуы мүмкін, дейді сарапшылар. Маңызды өнімнің тапшылығына байланысты биыл бар болғаны 12 мың тоннаға жуық қант қызылшасы егілді.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҚР ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

– Бұл дақылды өндіруге байланысты шаруалардың өзінде күрделі мәселелері бар. Маңызды мәселе - суға қатысты, себебі бұл – ылғал сүйгіш дақыл. Яғни оны суару керек кезеңде, әдеттегідей, бізде су жеткіліксіз болады. Біз әлі тұқымға 90% тәуелдіміз. Қант қызылшасын өз бетінше іріктеу үшін күрделі жұмыстар жасалуы керек. Сонымен қатар арнайы технологияларды қамтамасыз ету керек. Бұл істер әлі бір жолға қойылған жоқ. Міне, осы салаға жақсы инвестиция қажет.

«Атамекен» саланы дамытудың алдағы бес жылға арналған бағдарламасын іске қосуды ұсынып отыр. Бұл бағдарлама басқалармен қатар елімізде қант қызылшасы дақылдарын көбейтуді және зауыттарды толық қуатында жүктеуді көздейді. Ұлттық палатаның есебіне сәйкес, бұл үшін Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының шаруаларына шамамен 104 мың гектар жер қажет.