Бірнеше атом станциясын салу – тарихи олқылықтың орнын толтыру

Бірнеше атом станциясын салу – тарихи олқылықтың орнын толтыру

Алдағы 2-3 жылда АЭС құрылысы басталады. Бүгінде елдегі алғашқы атом электр станциясының операторы мен орналасатын орны белгіленген. Халықаралық іріктеу нәтижесі бойынша Ресейдің «Росатом» компаниясы мердігер ретінде таңдалды. Нысан, Балқаш көлінің жасағындағы Үлкен ауылы маңында бой көтереді. Станса іске қосылған соң 2 мыңнан астам адам тұрақты түрде жұмыс табады. Әрі 3 млн-ға жуық тұрғын электр энергиясымен қамтылады. Алғашқы АЭС 2035 жылы іске қосылады. Мемлекет басшысы АЭС көмір мен газға тәуелділікті азайтатынын айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн».