Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін

Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін

Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымының деңгейі биыл 1 млрд АҚШ долларынан асып, рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Қос мемлекет әріптестігінің 30 жылдығына арналған брифингтің барысында Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпин осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айында ғана өзара сауда көлемі үштен бірге өсті. Мұндай нәтижелерді еңсеруде машина жасау, азық-түлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы алыс-берістің артуының үлесі басым.

Айта кетейік, бүгінде Беларусь пен ТМД елдерінің сауда серіктестері арасында экспорт көлемі бойынша Қазақстан үшінші орында тұр. Бұл елдің кәсіпкерлері отандық нарыққа 650 тауар түрін жеткізеді. Алдағы жоспармен бөліскен елші, қос тарап технологиялық ынтымақтастықты күшейте отырып жаңа бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға басымдық беретінін тілге тиек етті.

Павел Утюпин, Қазақстандағы Беларусь елшісі:

- Бұл – тұрақты тауар айналымын қамтамасыз етудің мүмкіндігі. Тиісінше бизнес қауымдастықтың қатарын арттыруға сеп болады. Экономика ғана емес, білім және ғылымның үлесі артады. Мәселен, бірге машина жасау бойынша қарапайым құрастырудан бастаған едік, бүгінде ол ісіміз толыққанды өндіріске айналды. Қазір керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыт салу бойынша келіссөз жүргізілуде. Ол үшін Қазақстандағы шикізат қоры зерттеліп жатыр. Оның барлығы Беларусь елінде сынақтан өткізілуде. Соның негізінде бизнес-жоспар құрылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов