Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктері

Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктері

Қазақстанда 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бизнесті тексеру адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Елде бұған мүмкіндік беретін  автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі ендірілмек. Нәтижесінде кәсіпкерлікті жоспарлы тексеру бірден 2 есеге қысқарады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауына сәйкес Қазақстан бизнеске әкімшілік жүктемені азайту бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл жәнінде Сенаттың Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Әлібек Қуантыров соңғы 5 жылда ішкі шағын және орта бизнестің тұрақты өсімі байқалатынын жеткізді. 

Оның экономикадағы үлесі 31% тен 36% дейін ұлғайған. Бүгінде Қазақстанда 2 млн астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 90%-ті тұрақты жұмыс істеп тұр. Іскерлік белсенділіктің тамырына қан жүгіртуде мемлекеттің қолдау шаралары да өз септігін тигізуде дейді, министр. Жаңа бағдарламада демеу тетіктері субсидиялаудан бұрын кепілдік беру және кәсіптің іргесін кеңейтуге бағытталады.  

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша «субсидиялау» құралы бойынша жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен 669 млрд теңге кредит сомасына бизнестің 9 мыңға жуық жобасы және «кепілдік беру» құралы бойынша 270 млрд теңге сомасына 7 мың жоба қамтылды. Бүгінгі күні бизнес-қоғамдастықпен жүйелі және сындарлы диалог жолға қойылған. Жүйелік мәселелер Премьер-Министрдің басшылығымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында үнемі, оның орынбасары деңгейінде, сондай-ақ Үкімет мүшелерінің бизнеспен өңірлік кездесулері шеңберінде апта сайын талқыланады.