Қазақстанда млрд-таған теңгеге бағаланған бірқатар кен орны мемлекет меншігіне қайтарылды

Қазақстанда млрд-таған теңгеге бағаланған бірқатар кен орны мемлекет меншігіне қайтарылды

Ел үкіметі осылай деп мәлімдеп отыр. Бүгінгі таңда талаптарды бұзған кейбір жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензиялар қайта қаралып жатыр. Қазірдің өзінде 118 келісімшарт және қатты пайдалы қазбалар бойынша 245 лицензия, сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшарт бұзылды. Нәтижесінде, алтын, көмір, темір, көмірсутектер, мыс, бокситтер және полиметалдардың кеніштері мемлекеттік қорға қайтарылды. Олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады. Бұл салаға қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етпек. Биыл өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел қазынасына бір жарым млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15 млрд 700 млн теңгеден асқанын айта кету керек.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Сонымен қатар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде мемлекет пайдасына қатты пайдалы қазбалар бойынша 1 млрд теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 2 млрд теңге берешек өтелді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы одан әрі жалғасады.