Қазақстанда неміс үлгісіндегі сүт орталығы құрылады

Қазақстанның сүт импортына тәуелділігін 39% тен 11%-ке дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл мақсатта елде неміс үлгісіндегі жаңа сүт орталығын құру жоспарланған. Ол Алматы өңіріндегі оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында орналасады.  Шетелдік технологияға негізделген орталықта сауын сиырларынан өнім алуды арттыру, жем-шөпке талдау жүргізу, жұмыс хаттамасын жасау және сақтауға бағытталған. Қара малды тиімді бағып-күтуге қажетті заманауи дағдыларға сала мамандары, студенттер мен аграрлық оқу орындарының түлектері машықтанады. Қазір осыған ұқсас орталық еліміздің солтүстігінде сәтті жұмыс істеп тұр. Онда Ақмола, Қостанай, Павлодар және СҚО-ның 16 пилоттық шаруашылық мамандары оқып жатыр. Жаңадан ашылатын орталық саладағы кадр тапшылығын азайтуға, терең өңдеуге қажет шикізаттың сапасын арттыруға ықпал етпек. Сондай-ақ, сала мамандарының пікірінше, жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге тың серпін бермек. 

Дамир Егизбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

- Қазір Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың есебінен 65 сүт тауарлы фермасын салу жобасы қолға алынды. Осы бағдарламаны кеңейту және жүзеге асыру үшін биыл 100 млрд теңге бағытталды. Сәйкесінше, шаруашылықтар өз жұмысын жақсарту үшін ең алдымен қызметкерлерінің біліктілігін артыруы тиіс. Тәжірибені қолданыстағы сүт тауарлы-фермаларынан жиған әлдеқайда тиімдірек болады. Сондай-ақ, сұт өндірісіне жастарды тарту керек. Елге заманауи технологиялармен қатар, ресурс пен білімді тарту ісіне басымдық беру қажет.