Қазақстанда өндірістік жарақат 2,4% азайды

Қазақстанда өндірістік жарақаттануды 10, ал зиянды еңбек жағдайларында жүрген жұмыскерлер санын 20%-ке төмендету көзделген. Бұл еліміздің 2025 жылға дейінгі қабылданған қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарындағы басты міндет. Бұл орайда айта кетерлігі, бүгінде үш жүз мыңнан астам қазақстандық нәпақа табу қамында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр. Жыл сайын мыңнан артық адам өндіріс орнында жарақат алады. Мұндай оқыс оқиғаларды мейлінше төмендету үшін құжатта тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту қарастырылған.  Бұл орайда жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті және әлеуметтік әріптестікті дамыту көзделеді.

Ахмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Бірінші Вице-министрі:

– Бұл іс-шаралардың барлығы бірінші кезекте өндіріс орнындағы зиянды жұмыс факторларын барынша төмендетуге және нөлдік жарақаттануды қамтамасыз етуге бағытталған. Ол үшін ең алодымен жұмыс берушілер тарапынан еңбекті қорғаудың заманауи жүйелерін ендіруге қатысты кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Екіншіден еңбек инспекциясы тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсаты тұр. Қазір ел бойынша дәл осы мақсатта өндірістік тәуекелдерді бақылаудың тың технологиялары енгізілуде.

Айта кетейік, бүгінгі таңда 3 мыңнан астам қазақстандық кәсіпорын еңбекті қорғаудың халықаралық стандартын енгізді. Жұмыста оқыс жағдайлардың  төмендеуіне жаһандық нөлдік жарақаттану конвенциясына қосылған отандық өндіріс ошақтарының да үлесі аз емес.

Төлеген Оспанқұлов,ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

– Қазірдің өзінде 500-ден астам мекеме осы концепцияға қосылып, осы шаралармен жұмыс істеп келе жатыр. Соның нәтижесі шығар жылдан жылға біздегі жұмыс орнында жарақат алу жағдайы азаюда. Жыл бойынша бізде 1420 адам жарақат алған болса, оның ішінде 200 адам қайтыс болды. Ал ол оның алдындағы 2020 жылға қарағанда 2,4% төмен.

 

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов