Қазақстанда салық және кедендік тексерулердің тиімділігі артты

Басқарудың осы түрлерін жетілдірудің арқасында өткен жылдың өзінде мемлекет қазынасына түсетін түсімдер 42% өскен. Сондай-ақ еліміздің меншікті кірістері бойынша жоспары 103% орындалды. Мәжілісте Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынды. Оның айтуынша, 2022 жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағытқа жұмсалды. Елімізде 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 247 жаңа мектеп пен 35 денсаулық сақтау нысаны салынды. Жалпы, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындады, деп атап өтті спикер.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі:

- 2022 жылы пандемиядан кейін экономиканың біртіндеп өсуі және іскерлік белсенділіктің жандануы байқалды. ЖІӨ өсімі 3,3% құрады. Негізгі факторлар: қызмет көрсету саласындағы, нақты сектордағы өсу; экспорттың тез қарқыны есебінен сауда балансының нығаюы, құрылыс пен қызмет өндірісіндегі жоғары инвестициялық белсенділіктің болуы. Азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік қымбаттауы аясында Қазақстандағы инфляция деңгейі де нысаналы көрсеткіштен асып, 20,3% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9% ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды.

Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің баяндамасына қатысты сараптамалық пікірін Жоғарғы есеп палатасының төрағасы  Наталья Годунова да білдірді. Оның айтуынша, биыл квазимемлекеттік компаниялардың мемлекет кепілдігімен алған несиелеріне аудит жүргізіледі. Тексеру әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының барлық бөлімшелеріне де қатысты болады. Ол биылғы жылдың соңында өтеді. Ал тексеру қорытындысы 2024 жылдың маусым айында жарияланады.

Наталья Годунова, ҚР Жоғарғы есеп палатасының төрағасы:

 - Үстіміздегі жылдың соңында Жоғарғы есеп палатасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Медициналық сақтандыру қорының барлық 20 өңірлік бөлімшелеріне кешенді тексеру жұмыстарын жүргізуді бастады. Осы мәселенің жоғары әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, осы аудит барысында қамтылуы тиіс ең өзекті мәселелердің тізімін бізге жолдауыңызды өтінемін.