Қазақстанда жылу жүйесінде баламалы қуат көздерін пайдалану жоспарланған

Қазақстанда жылу жүйесінде баламалы  қуат көздерін пайдалану жоспарланған

Қазақстанда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жоспарлануда. Бұл үшін елімізде тиісті заңға бірқатар түзетулер енгізілмек.

 

Баламалы энергия көздері мен жасыл технологияларды дамыту жөнінде энергетика министрі баяндады. Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, еліміз жел энергиясын генерациялау бойынша зор әлеуетке ие. Нақтырақ айтсақ, министр Қазақстанның климаты желден қуат өндіретін заманауи нысандар салуға өте қолайлы екеніне тоқталды. Ал, оның турбиналарына тұрақты жұмыс істеу үшін жел жылдамдығыны секундына 5 метр болса жеткілікті. Сондықтан, бұл бағытты дамытудың әлеуеті кең дейді сарапшылар.  Жылына ең кемі 920 млрд КВТ сағат қуатты өндіруге болады.

 

Негізінен бұл саланы Каспий жағалауы, еліміздің оңтүстігі және оңтүстік-шығыстағы Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінде дамытуға болады. Сала басшысы елімізде 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15% дейін ұлғайтуға алғышарттар барын айтады.  

 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

– Жаңартылатын энергетика 2014 жылдан бері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Оның қуаттылығы 16 есе өскен. Нақтырақ айтсақ, 178 мВт-тан 2023 жылы 2,9 гВт-қа дейін өсті. 2023 жыл қорытындылары бойынша баламалы энергия нысандары өндірген қуат көздері сағатына 6,7 млрд кВт-ты құрады. Бұл дегеніміз елімізде өндірілген бүкіл электр қуатының 6%-на тең. Үлкен гидроэлектрстанциялармен қоса санасақ, бұл көрсеткіш тіпті, 13,7% өседі.