Қазақстандағы ауыл әйелдерінің 30% жеке ісін ашқан

Алдағы үш жылда бұл көрсеткіш еселенеді деген болжам бар. Себебі, әрбір үшінші нәзік жанды аймақта бизнес бастауға мүдделі. Ауыл әйелдерінің V форумында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік зерттеу қортындылары жарияланды. Елді мекендердегі белсенді азаматшалардың ниетін қолдап, ойын іске асыру үшін мемлекет және бизнес қауымдастық тарапынан түрлі қаржылай демеу шаралары қолға алынғаны белгілі. Соңғы 10 жылда тек бір ғана әлеуметтік жоба аясында 60 мың ауыл бұрымдысы кәсіп жүргізуге машықтанған. Төрт мың бизнес жоба қаралып, жүзден астамы қайтарымсыз грантқа ие болған. Биыл тағы жоба аясында өз ісін дөңгелететін жаңа есімдер белгілі болды.

Елена Ожго, «Әлеуметтік динамика» ҚҚ директоры:

20 жаңа кәсіпкер жақында 60 жұмыс орнын құрады. Олар 2000-нан 4000 долларға дейін грант алады. Оның 20%-ті өсімдік және мал шаруашылығын дамытса, 40%-ке жуығы ауылды жерлерде азық-түлік және азық-түліктік емес хатық тұтынатын тауарларды өндіреді, 5%-ті ауылдықтарға жаңа қызмет түрлерін ұсынатын болады.

Шұғыла Қамбышева, кәсіпкер, Абай облысы:

2019 жылы «Атамекен бизнес бастауы» жобасынан 560 мың теңге грант алып, үйде отырып осы кәсіпті бастаған едім. Енді кәсібімді жақсы дамыту үшін тігін машина керек болып 2021 жылы тағы грант алып кәсібімді дамыттым. Алдағы уақытта үкіметтен тағы 5 миллион теңгеге дейін грант алғым келеді. Өйткені кәсібімді кеңейтіп, сапасын жақсарту үшін лазерлік станок керек.