Қазақстанда Сomic Сon Аstana халықаралық фестивалі өтіп жатыр

Қазақстанда Сomic Сon Аstana халықаралық фестивалі өтіп жатыр

Комикс, кино, видео ойындар және аниме. Жаһандық деңгейде тараған гик мәдениет араға төрт жыл салып қайта Қазақстанда тоғысты. Бүгін Comic Con Astana халықаралық фестивалі бастау алды. Алдағы үш күн бойы осы саланың жанкүйерлеріне «Галактика сақшылары» жұлдыздары Шон Ганн мен Майкл Рукер, «Фантастикалық құбыжықтар» фильмінің актері Александр Кузнецов сынды әлемге әйгілі сала майталмандарымен жүздесу мүмкіндігі пайда болды.  Соңғысы арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында отандық кино өндірісінің деңгейін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Александр Кузнецов, актер, Сomic Сon Аstana хедлайнері:
-Мен осында 6 ай бойы «Бақсы» телехиқаясының түсіріліміне қатыстым. Жергілікті актерлер мен операторларда және режиссерлерде көбінде жоқ  қасиеттерді көрдім. Әсіресе олардан шынайылық пен деректілік жағынан үйренуге болады. Сіздерде локациялар өте шынайы. Исландия табиғаты іспетті, тек шығыста. Не түсірсеңде болады. Бұндай артықшылықты әлемге дұрыс насихатау керек.

Бұл жерде жер жаһанға әйгілі комикстердің таңғажайып кейіпкерлерінің түр-түрін және ұлттық аңыздар қаһармандары мен қазақ батырларын көптеп кезіктіруге болады.

Фестиваль аясында косплей байқауы өтіп жатыр. Оған қатысуға 3 мыңға тарта өтініш келіп түсіпті. Тек 150-і ғана іріктеу кезеңінде сыналу мүмкіндігін алған. Оның жартысына жуығы сүйікті кейіпкерлерін сомдау үшін шетелдерден ат терлетіп келді. Жалпы жүлде қоры 10 млн теңге.

Тaryn – италиялық косплейер, әділ-қазы мүшесі:
-Қатысушылар бойынша не айта аламын? Маған бәрі ұнады. Әсіресе жігерлі жастардың әртістік шеберліктері тәнтті етті. Осындай үлкен аудитория алдында өнер көрсету оңай емес. Әрбірі қолынан келгенін жасады.  Сондықтан әзірге тек араларынан үздіктерін таңдау қиынға соғатыны анық.

Биылғы бағдарламаның енді бір жаңалығы – аниме мен мангадан бастап, J-Pop және K-Pop-қа дейінгі заманауи азиялық мәдениет бір тақырыптық көрме аясына біріктірілді.