Қазақстанда тұңғыш рет тоғызқұмалақтан оқушылар арасында әлем чемпионаты өтеді

Қазақстанда тоғызқұмалақ тарихында тұңғыш рет оқушылар арасында Әлем чемпионаты өтеді. Жарыс алдағы қыркүйек айында Алматы қаласында 20-ға тарта елдің қатысушыларын жимақ. Олардың қатарында біздің елмен қатар Өзбекістан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия, Румыния, Венгрия, Испания, Польша, Моңғолия, Ресей, Латвия, Чехия мемлекеттері бар. Қазақтың ұлттық ойнынан өтетін тартыста рапид пен блиц түрлерінен үздіктер анықталады.  

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру  істері комитетінің баспасөз хатшысы:

-Канадалық iggamecenter.com және польшалық playok.com секілді халықаралық зияткерлік ойындар порталдарында тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындар қатарында. Отандық IT-мамандар «Android» пен «iOS» жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі. Қазір  Колумбия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Литва, Бангладеш сынды 30-дан астам елдер тоғызқұмалақпен тұрақты түрде шұғылданады.

 

Жыл сайын елімізде дәл осы ойын түрінен халықаралықтан бастап ауылдық деңгейге дейін мыңнан астам жарыс өтеді. Бүгінге дейін 6 бірдей Әлем, тағы сонша Азия мен 4 Еуропа чемпионаты ұйымдастырылды. Қазір аталмыш дала шахматы спортымен Қазақстанда 200 мыңнан астам адам айналысады. Алдағы уақытта зияткерлік ойынды мектеп бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Тоғызқұмалақ қазақ ұлтының әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесінің жарқын үлгісі.

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру  істері комитетінің баспасөз хатшысы:

- Мемлекет басшысы дене шынықтыру, бұқаралық спорт, оның ішінде ұлттық ойын түрлерін  дамытуға үлкен көңіл бөледі. Ол осындай ауқымды шараны өткізу ұлттық ойынның танымалдылығын арттырып,  өскелең ұрпақтың бойына салауатты өмір салты мен спортпен шұғылданудың маңызын сіңіруге өз септігін тигізеді  деп санайды.

 

Еске сала кетейік, 2006 жылдан бері тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар бағдарламасына енген. Екі жылдан соң Дүниежүзілік федерация құрылды. Ал, 2020 жылы қазақтың ұлттық ойыны ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне кірді.