Қазақстанда зейнет жасындағы білім алушылар саны артып келеді

Білім күні қазақстандық зейнеткерлер де партаға отырды. Отандық жоғары оқу орындарындағы «Күміс университет» бағдарламасы биыл жаңа тыңдаушыларды қабылдады. Жоба егде жастағыларға психологиядан бастап, Ай Ти дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Бағдарламаға қосылған білім ордаларының бірі – Еуразия Ұлттық университеті. Биыл елордалық 300-ден астам зейнеткерден өтініш түскен. Өткен оқу жылында 150 зейнет жасындағы азамат біліктілік алып шыққан.

Әсем Ілиясова, ЕҰУ-нің қосымша білім беру және біліктілікті жетілдіру институтының директоры:

– Биылғы жылы білім алушылар арасында тіл курстары сұранысқа ие болып шықты. Оның ішінде ағылшын, түрік және қазақ тілдері. Мұнда бір ескерелік жайт, қазақ тілін біз қарапайым оқыту жолымен емес, қызықты бағдарламалармен толықтырғанбыз. Күміс университетінің тәлімгерлерінің жасын да ескере отырып біз университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамын тарттық. Қазіргі таңда саны 40-тан асады. Олардың ішінде шетелдіктер, яғни шақырылған ұстаздар бар.

Курстар тыңдаушылардың жас ерекшелігіне қарай әзірленген. Жалпы ұзақтығы шамамен 4 ай мерзімін құрайды.

Әсем Ілиясова, ЕҰУ-нің қосымша білім беру және біліктілікті жетілдіру институтының директоры:

–  Біз кестеге сәйкес бағдарламалардың тізімін ұсынамыз,ал олар бағдарламаға сәйкес қалаулары бойынша сауықтыру сабақтарына, тіл немесе компьютерлік бағдарламаларға бара алады. Өз уақыттарына сәйкес курстардан өтеді. Әрине, оқу соңында сертификат беріледі. Алайда, «Күміс университеті» сияқты жобаны ауқымдырақ ету үшін, пайдасын көру үшін оның популизациясына көбірек жұмыс істеу керек.

«Күміс университет» жобасы Үкіметтің өмір бойы білім алу тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Жоба аясында оқу тегін.