Қазақстанда «жасыл» жобаларға инвестиция тарту ісі қарқын алды

Қазақстанда «жасыл» жобаларға инвестиция тарту ісі қарқын алды

Елімізде «жасыл» технологияларға инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазақстандық қор биржасында осы бағытта корпоративтік қарыз алу көлемі соңғы 2 жылда 4 еседен астам артқан. Биылғы 1 қарашада оның мөлшері шамамен 208 млрд теңгені құрады. Ал банктік сектордағы «жасыл» несиелендіру көлемі 3,5 еседен астам өскен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елімізде «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсатында қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база құрылған.

Жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, «жасыл» облигациялар шығару мен айналымға енгізу үшін өзгерістер қабылданды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен KASE биржаларында ESG ақпаратын ашу ережелері бекітілді. Сарапшылардың есебінше, елге 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін 600 млрд доллар қаржы қажет. Премьер-Министр «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.