Қазақстан–Өзбекстан саудасы: 10 млрд долларға жеткізу жоспарланған
Ал бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан саудасы біршама қарқын алып келеді. Екеуіне Орталық Азиядағы алыс-берістің 80 пайызы тиесілі. Биылғы тоғыз айда екіжақты тауар айналымы 3,4 млрд долларға жеткен. Шамамен 18 пайыз өсім бар. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, Қазақстанның Өзбекстанға экспорты - 2,5 млрд доллар. Яғни, шикізат, мұнай, бидай, ет пен күнбағыс майын сатқан. Ал Өзбекстаннан тыңайтқыш, цемент, сусын және көкөністер жеткізіледі. Тіпті биылдан бастап оңтүстік көршімізден электр энергиясын да ала бастадық. «Кейінгі кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан аса қаржыны құрайды», - деді Президент. Енді өзара сауданы 10 млрд долларға жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойылды. Бұл үшін бірлескен өндірістерді дамыту, экспорттық тізбектер қалыптастыру ұсынылған. Өз кезегінде Қазақстан 15 млн тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға дайын. Аталған бастамалар азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, бірлескен өнімді Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия нарықтарына шығаруға мүмкіндік бермек.

