Қазақстанда жем-шөп жеткізіліміне жеңілдіктер мерзімі ұзартылды

Қазақстанның қуаңшылыққа тап болған өңірлеріне қолдау көрсету жалғастырылады. Көмек жемді тасымалдау бойынша жеңілдіктер мерзімін тағы бір айға ұзартылатын болды. ҚТЖ компаниясы басшысының орынбасары Оралхан Құлақов жөнелтушілер теміржол вагондарымен престелген шөпті 77% жеңілдікпен еш кедергісіз жібере алатынын мәлімдеді.

Жалпы шілде айында батыс өңірлердегі стансаларға 167 вагон престелген шөп жеткізілген. Спикердің айтуынша, бүгінде жүк тасымалдауға арналған жабық вагондар бойынша тапшылық жоқ.

Оралхан Құлақов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-  Бүгінгі таңда жеткізу көліктері жеткілікті, менің ойымша, ешқандай сұрақ туындамауы керек. 15 тамызға дейін біз Ауыл шаруашылығы министрлігінен ақпаратты күтеміз, онда Қазақстан бойынша экспортқа шығарылатын нақты көлем жарияланады. Бұл міндетті түрде орындалатын болады.

Айта кетейік, биыл жемнің жетіспеушілігінен Қазақстанның бірқатар облысында мал өлімі тіркелді. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір күн бұрын жемнің жекелеген түрлерін алты ай мерзімге шетелге шығаруға тыйым салатын уақытша бұйрыққа қол қойды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева