Қазақстанда жыл басынан бері 90 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылды

Қазақстанда автоөндіріс қарқыны бірден 25% артты. Осы жылдың 11 айында жүз мыңға тарта көлік құралы жиналған. Негізгі денін жеңіл көліктер құрап отыр. Осы аралықта бұл темір тұлпар түрлерінің 90 мыңнан артығы нарыққа жіберілді. Былтырдың сәйкес кезеңінен 32% көп. Қалған бөлігі жүк көліктері, автобустар және өзге арнайы техникалардың үлесіне тиесілі. Қазақстанның   автомобиль бизнесі қауымдастығының дерегінше, бұл ретте жыл басынан 60 мың көлік құраған қостанайлық зауыт көш бастап тұр. Биыл өндіріс көлемін 47%-ке арттырып, табысқа кенелген енді бір алматылық кәсіпорын болса, техниканың 33 мың данасын сатылымға қойған. Жалпы, жыл басынан бері  Қазақстанда жасалған автомобиль өнімдерінің жиынтық құнын сарапшылар 1 триллион теңгеге бағалаған.