Қазақстанда жылдық инфляция соңғы 7 ай қатарынан төмендеп келеді

Қазақстанда жылдық инфляция соңғы 7 ай қатарынан төмендеп келеді

9 айда ел экономикасының өсу қарқыны 5% құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Әлібек Қуантыровтың дерегінше, әдеттегідей құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларының қарқыны жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 12% асты. Қаңтар-тамызда сыртқы тауарайналым біршама ұлғайып, 91 млрд доллардан асып жығылды. Жартысынан астамы экспорттың үлесінде. Оның үштен бірін отандық өңделген өнімдер құрады. Іскерлік белсенділік артқанымен, өндіріс шығындарының төмендеуі байқалады. Нәтижесінде елдегі жылдық инфляция деңгейі соңғы 7 ай қатарынан баяулап келеді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жылдың соңына дейін 2,5 ай қалды. Экономиканың барлық салаларында өсу қарқынын арттыру үшін жұмысты күшейтіп, нақты шаралар қабылдау керек. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы қажет. Шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, шикізаттық емес секторларда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда инвестжобаларды іске асыруды жеделдетуге баса көңіл бөлу керек.