Қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі «Оскарға» ұсынылды
Қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі жылдың басты киножүлдесі голливудтық «Оскарға» ұсынылды. Картина «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша конкурстың лонг-тізіміне енді. Көркем фильм нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Онда 1920-30 жылдардағы ашаршылық туралы баяндалады.
Айта кетейік, «Ұлы дала зары» фильмнің премьерасы қараша айында Лос-Анджелесте өткен халықаралық Азия кинофестивалінде болды. Бұдан бұрын аталмыш фильм «Алтын глобус» сыйлығының лонг-тізіміне енді. Картина «Шет тіліндегі үздік фильм» санатындағы сыйлық үшін таласады. Фильмнің режиссері және сценарий авторы Марина Кунарова көрермендерге «Аруаққа аңшылық» және «999» сияқты туындыларымен танымал. Соңғысы 2010 жылы Лос-Анджелестегі кинофестивальде «Үздік шетелдік фильм» деп танылды.
Бүгінгі мереке қарсаңында, яғни 16 желтоқсан күні түнгі сағат 00.00 бастап келесі 17 желтоқсанның түнгі 00.00 дейін 1 тәулік бойы Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ұлы дала зары» фильмі www.cinexus.kz интернет кинотеатрында тегін көрсетіледі.