Қазақстандық ғалым зағиптарға арналған қол қою құрылғысын ойлап тапты

Құжаттар мен банктік және басқада қызметтерге қатысты түрлі  келісімдерді рәсімдеу үшін қол қою. Көру қабілетінен айрылған адамдар енді ешкімге жүгінбей-ақ бұл маңызды істерді өздері жасай алатын болады. Қазақстандық ғалым зағип жандардың қажетті дағдыларын кеңейтуге мүмкіндік беретін қондырғы ойлап тапты. Арнайы  комбайн  қолтаңбаның үлгісін пластикалық трафареттерде басып шығарады. Олардағы бедерлердің бойымен қалам жүргізу арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар кез-келген жерге өз қолтаңбасын  қалдыра алады. 

Ғалымжан Ғабдрешов, ғалым, өнертабыс иесі:

- Біз оның құрастыру үлгісінен бастап барлық құжаттамаларын толық әзірлеп шықтық.  Өзіміз құрған конструкторлық бюро мен өндіріс бар. Енді тек қаржылық мәселені шешу керек. Ақша бөлінсе еліміздің екі өңірінде бұл құрылғылар пайда болады. Сол кезде, атыраулықтар біз әлемде бұндай мүмкіндікке ие болдық деп сеніммен айта алады. Бұның бәрі зағип жандардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет.  

Отандық сарапшылар мұндай трафареттік қолтаңбаны пайдаланудың заңды мүмкіндігі туралы құқықтық негіздеме беріп отыр. Яғни, көру қабілеті нашар қазақстандық азаматтың сенімді адам іздеп, нотариусқа жүгіну қажеттілігінен арылудың күні алыс емес деген сөз. Зағиптардың қолайлы экожүйесін құруға бағытталған қазақстандық ғалымның осы және өзгеде тың жобаларына АҚШ қызығушылық танытып отыр.

Ғалымжан Ғабдрешов, ғалым, өнертабыс иесі:

- Бұл өнертабыстардың барлығы да қолданыс аясын тапты. Бір бөлігі техастық мектепте кәдеге жаратылып жатыр. Олармен бірқатар келісім жасастық. Ол зағиптарға арналған әлемдегі ең ірі мектеп. Бұл оңалту ошағы Техастың астанасы Остинде орналасқан. Осы орталықтың басшылығымен әріптестік байланыс орнаттық. Оның аумағында біздің биолокациялық қондырғыларды сынап, жобаларымызды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Осындай ірі жобаларды Техастық тарап толықтай қаржыландыруға дайын. Кейін жаттығуға арналған құрылғылардың тұрақты жұмысын толықтай қамтамасыз етуге келісіп отыр.  Зағип жандардың өмірін барынша жақсарту үшін толық өндірістік қуатын сынауға да әзір.

Ғалымжан Ғабдрешов жаңа өнертабыс түрлерін әзірлеумен қатар осы бағытта бұрын жасалған құрылғыларды жетілдіруге ден қояды. Мәселен, SEZUAL биолокаторын автор 8 мәрте жаңғыртқан. Соңғы түзетулерден кейін жалпы салмағы азайып, аппарат қашықтан басқарылатын болды. Енді арнайы басқару пультінің көмегімен қолданушы құрылғының қызметтік мүмкіндігін арттыра алады. Яғни, дыбыс диапазоны мен резонанстық жиілігін өзгерте алады. Айта кетейік, Ғалымжан Ғабдрешовтың жобалары 2020 жылы БҰҰ-ның сыйлығына ұсынылып, еуропалық озық инновацияларының қатарына енді.