Тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді

Тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді

Елордада «Халық заңгері» акциясы өтті. Оның аясында тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Көпшілігі сөз сауалдарын қойып, оларға жауаптырн да алды. Мамандар әр азаматтың өтінішін жеке қарастырып, заң аясында нақты бағыт-бағдар ұсынды. «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген бұл шара ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Астаналықтар баспана, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және мемлекеттік қызметке қатысты сауалдарды көп қойған.

Елордалық Берік Әлғали - кеңес әскерінің ардагері, 2-топтың мерзімсіз мүгедектігін алған азамат. Ол бұл жолы мүлік салығына қатысты мәселесін арқалап келген. Мамандар оның өтінішін сол жерде қарап, нақты шешімін ұсынып, тиісті департаментке жолдады.

Берік Әлғали, Астана қаласының тұрғыны:

-Мына жерде кірістер бөлімі бар екен. Солардан толық мағлұмат және кеңес алдым. Екінші топтағы мүгедеек болған соң сіз мүлік салығынан босатылғансыз деді. Сондықтан кірістер бөліміне келіңіз, сол жерге өтініш тапсырыңыз , құжат жинаңыз сол бойынша мәселе шешіледі деді. Өте тиімді, бір жерден екі сұрағымның жауабын алып қайттым.

Сауда орталығында қаз-қатар жайғасқан мамандар тұрғындарды көп күттірмей қабылдады. Келушілердің сұрақтары да сан алуан болды: бірі баспана мәселесін көтерсе, енді бірі еңбек қатынастары бойынша кеңес алды. Құқықтық көмекке жүгінгендердің қарасы да қалың.

Аян Әбдінасыров, Астана қаласы Есіл ауданы прокуратурасының қылмыстық қудалау бөлімінің бастығы:

- Басты сұрақтар еңбек қатынастары , тұрғын үй даулары және кәсіпкерлік қызметке байланысты болды. Сол мәселелерді шешу үшін осы акцияға қалалық прокуратурадан, түрлі мемлекеттік органдардан өкілдер қатысып отыр. Бұл акция айына 1 рет қала аумағында болып тұрады. Әрі қарай да жалғасын табады.

Акция нәтижесінде 50-ге жуық адам қажетті кеңесін алып, өз сұрақтарына нақты жауап тапты. «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде өткізілетін шаралар легі мұнымен шектелмейді. Қала әкімдігі алдағы уақытта да осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, оның ауқымы мен форматын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етпек.