Қазақстандық стартап 250 мың доллар инвестиция тартты

Қазақстандық жылжымалы диагностика стартапы 250 мың доллар шетелдік инвестиция тартқан. Денсаулық сақтау саласындағы бұл ай-ти компанияның дамуына арабиялық қор қаржы құйып отыр. Бұл қаражат жобаның техникалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталады деп күтілуде. Стартап жетекшілерінің айтуынша, шеттен келген ақша қазақстандық нарықты толыққанды игеріп, шетелге шығуға да мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үйде отырып-ақ чекап, яғни, денсаулығын тексере алады. Алдағы уақытта компания еліміздің өзге қалаларында да осы қызметті іске қоспақ. Бұл жоба 2022-і жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Сол кезден бері 10 мыңнан аса сараптама жасалыпты. Жас компанияның ендігі мақсаты – осы бағытта шетелдік нарықтың 15 %-ін жаулау.

Тота Сматова,  Жылжымалы медициналық диагностика стартапының бас директоры:
-
Алдағы бір жыл біз Қазақстанда өз кәсібімізді дамытқымыз келеді. Жобамыздың техникалық жағын күшейтуіміз қажет. Біз адамдардың өз денсаулығын тексеруін ыңғайлы ету үшін осы стартапты қолға алдық. Жақын арада жылжымалы чекап, яғни тексеру мен шағын сараптама жиынтығын жасауды бастаймыз. Қазақстанда стартапты дамыту – басты мақсатымыз. Дегенмен, кәсіп болғандықтан, халықаралық нарыққа шығу керек. Ұлыбритания мен Біріккен Араб Әмірліктеріне шығуды да қарастырамыз.