Қазақстандық суретші «Golden Time Talent» халықаралық байқауында бірінші орын иеленді

Қазақстандық суретші Ұлыбританияда өткен халықаралық жарыста үздік деп танылды. Британдық «Golden Time Talent» байқауында Әсемгүл Сүлейменованың «Ана мен бала» туындысы «Кескіндеме» номинациясында жеңімпаз атанды. Оның картинасына әлемнің әр түкпірінен келген жоғары санатты мамандар лайықты бағаларын берді.

Әсемгүл Сүлейменова, суретші:
-Шынымды айтсам, мен жүлделі орын аламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Үміт те болған жоқ. Себебі ол жерде әлемнің мықты деген қылқалам шеберлері өз туындыларын ұсынады. Тек алдағы уақытта Лондонда өткен халықаралық жарысқа қатыстым деп жай ғана айтамын дейтінмін. Әлі де сене алар емеспін. Бұл мен үшін тосын сый болды.

Шебердің айтуынша, бұл картинаның ерекше энергиясы бар, жанына өте жақын.

Әсемгүл Сүлейменова, суретші:
-Суретте мен енем мен үш жастағы жолдасым бейнеленген. 1995 жылы олар «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде басты рөлді сомдаған. Онда анам Жамбылдың жеңгесінің рөлінде ойнады. Маған бұл үзінді қатты ұнады. Онда күнделікті күйбең өмір мен еш уайымы жоқ анасына қарап отырған бала көрсетілген. Осы үзіндіні кенепке түсіргім келді. Картинаны көрген адамдар анамнан ерекше жылулық сезілетінін, ішкі жан дүниеңде тыныштық, жайлылық орнайтынын айтады.