Орталық Азия елдері Абу-Дабиде халықаралық аңшылық және ат спорты көрмесінде

Абу-Дабидегі 20 халықаралық аңшылық және жылқы шаруашылығы көрмесі әдеттегідей көшпенділер мұрасына қызығушылық танытатын әлем қауымын бір алаңда тоғыстырды. Биылда іс-шара қонақтары жаңаша түрленген көне дала өркениетіне қанықты. 66 елден келген компаниялар ат спорты, сұңқарды аңға салу сынды саятшылық өнері мен саяхатауға қажетті өнімдерін ортаға жайып салды. Жер жаханнан жиылған қалың жұртшылық саланың озық технологиялары және тың жобаларымен танысып, соңғы жаңалықтарынан құлағдар болды. Келушілер желмен жарысқан асыл тұқымды сәйгүліктер мен құмай тазыларды тамашалап қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Көрме барысында түрлі аукциондар мен дәстүрлі  спорттық  жарыстар өтті. Орталық Азия елінің бірегей өнімдері ұсынылды. Яғни, қатысушылар тарихы ортақ мәдени құндылықтарды қайта сабақтастырып, кеңге насихаттауға ден қойды. Бұған қоса ата кәсіпті жаңғыртып, жаңа серіктестік байланыстар орнатудың мүмкіндігі туды.   

Вероника Блонтрок, IAF қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

-Бұл көрме біз үшін аса маңызды. Келген қонақтарды сұңқарды аңға салу дәстүрімен таныстырамыз. Мақсатымыз тамыры терең тартқан көне дәстүрді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа мирас ету. Ол үшін сиреп баратын жыртқыш құстардың тұқымын сақтап, оларды қолға үйрету дәстүрін насихаттау керек.

Эссам Элмасри, Фуджейра бейнелеу өнері академиясының мүсіншісі:

-Біз қонақтарға өз мәдениетімізді қалай ұстанатынымызды және құрметтейтінімізді көрсетеміз. Біз құнды мұраларымызды әкеден балаға қалдыруға тырысамыз. Мен үшін Қазақстан аса ыстық. Мәдениеттеріміз ұқсас, себебі түп-тамыры бір. Біздің өміріміз саятшылық құру жылқы шаруашылығымен тығыз байланысты. Атқа міну мәдениетіміз бар. Мен алдағы уақытта өз жұмыстарымда қазақ халқының бейнесін жасағым келеді. Келесі жылы көрмеге көптеген қазақстандық компания қатысады деп ойлаймын. Сол кезде елдің бірегейлігін кеңге насихаттау мүмкіндігі туады.