Қазақстан 2050 жылға қарай энергия сыйымдылығын 50%-ке дейін төмендетпек

Қазақстан 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төрттен бірге, ал 2050 жылға қарай 50%-ке дейін төмендетуге ниетті. Әзірге елдегі бұл көрсеткіш 14%-ті құрайды. Елордада жұмысын бастаған IV халықаралық энергия үнемдеу форумында қуат көздері қорын тиімді пайдалану мен осы бағыттағы байланыстар аясын кеңейтуді көздейтін шаралар кеңінен талқыланып жатыр. Жиында құзырлы мемлекеттік органдар, компаниялар, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері және саланың жетекші сарапшылары бас қосты. Форум қатысушыларының айтуынша, 2013 жылы құрылған мемлекеттік энергетикалық реестр елімізде энергияны ысырап етпей, тиімді тұтыну қамындағы саясатты іске асырудың негізгі құралына айналған. Осының арқасында өнеркәсіптік кешеннің энергия сыйымдылығы 2 есе қысқарды. Саланың осыдан 10 жыл бұрын қабылданған заңына биыл бірқатар түзетулер енгізілгенін айта кеткен жөн. Бұл өзгерістерде тұтастай Қазақстанның энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыруға бағытталған жаңа тәсілдер барынша қамтылған.

Бауыржан Смағұлов, ҚР ИДМ электр энергетиканы дамыту және энергия үнемдеу институтының басқарма төрағасы:

- Біздің кәсіпорындарда бұрын-соңды болмаған энергоменеджерлер пайда болады. Сонымен қатар бұдан былай энергия үнемдеуге қатысты мемлекеттік сатып алулар жүйесі енгізіледі. Себебі бүгінге дейін энергия тұтынуды азайтуға арналған жабдықтар мен қондырғыларға мемлекеттік сатып алу жүрмеген. 2023 жылдан бастап елімізде осы тәжірибені ендіру жоспарланып отыр. Бұған қоса, тұңғыш рет бюджеттік ұйымдардың тұтыну нормалары қабылданды.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Биылдың жаз мезгілінде қолданыстағы заңға енгізген өзгерістер мен толықтырулар энергия үнемдеу мен энергия тиімділігіне қатысты елде іске асып жатқан жаңа бастамалар мен тың жобаларды жетілдіре түсуге жол ашады. Сондықтан, осы текті форумдардың саланың алға жылжуы үшін берері мол деп санаймын. Біріншіден, энергия үнемдеу үшін жаңа әдістер мен ұтымды ұсыныстар жан-жақты талқыланып, жүзеге асырылады.