Қазақстандық жас ғалым тұқым қуалайтын күрделі ауруларды жеңу жолдарын зерттеп жатыр

Ондағы мақсаты - әзірге емі жоқ, тұқым қуалайтын жүйке жүйесінің аса күрделі дертін жеңу жолдарын табу. Айта кетейік, ұрпақтан ұрпаққа ген арқылы берілетін бұл кесел адамның миын зақымдап, мінез-құлқын, есте сақтауы мен қозғалыс қабілетін бұзып, ақыр соңында өлімге алып келеді.

Аяз Белқожаев, М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері:

- Сау Гентингтон ауруының жасушасымен мутацияға ұшыраған жасушаны алып оларды ауру клетканың негізінде микроРНҚ-лардың экспрессиясын салыстырмалы түрде зерттедік. Олардың экспрессиялық профильдерін әзірледік. Осының нәтжесінде 2 мыңға жуық микроРНҚ-лардың экспрессиясын анықтап, шамамен 3 жүзге жуық микроРНҚ-лар әртүрлі дифференциалды экспрессияланатыны анықталды.

Жас ғалым тәжірибелік талдаулар  нейродегенеративті ауруларды әрі қарай жан-жақты зерттеулерде қолдануда маңызды орын алатынына сенімді. Яғни, ауруды ерте анықтау немесе жанға дауа дертке шипа болар баламалы ем іздеу жолында септігі тимек.

Аяз Белқожаев, М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері:

- Енді әрі қарай оның зерттеу жұмысын жүзеге асыру мақсатында тікелей осы ауруға шалдыққан науқастардан биологиялық сұйықтықтар мысалы қан немесе жұлын сұйықтықтар алып, біздегі өзгеріс тапқан микро РНҚ-ларымызды клиникалық жағдайда зерттеп көру болып табылады. Оның аясында біз болашақта негізгі жобалар әзірлеп отырмыз.

Айта кетейік, Аяз Белқожаев «Болашақ» бағдарламасының 500 ғалым жобасы бойынша Ұлыбританияда биотехнология саласында ғылыми тағылымдамадан өтіп жүріп осы жобасын тәжірибе жүзінде сынаған. Қазір ол зерттеулерін еліміздегі М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтында жалғастыруда.