Қазақстандық жоғары оқу орны ашылады
Енді Қазақстан мен Пәкістан арасындағы байланыс тек саясат және сауда-саттықпен ғана шектелмейді. Ғылым мен білім, мәдениетте де алыс-беріс жасалмақ. Соның бастамасы ретінде Исламабадтағы Ұлттық университеттерде қазақстандық 3 ғылыми орталық ашылды. Үшеуіне де қазақтың ұлы тұлғаларының есімі берілген. Егер келісім шеңбері ұлғайса, онда болашақта қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы ашылмақ. Бұдан бөлек, пәкістандық балалар қазақ күресі мен тоғызқұмалақты үйренбекші.
Қаныш Сәтпаев атындағы орталық ашылды
Бұл - Пәкістанның Ғылым және технологиялар ұлттық университеті. Елдегі ең танымал әрі жетекші оқу орны саналады. Бүгін білім ордасында Қаныш Сәтпаев атындағы орталық ашылды. Ол екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты күшейтіп, бірлескен жобалар мен білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға жол ашады. Студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім ала алады. Ал профессорлар екі елдің жоғары оқу орындарында дәріс береді.
Мұхаммад Аммар, Ғылым және технологиялар ұлттық университетінің студенті (Пәкістан):
- Мен университеттің инфрақұрылымымен таныстым – бәрі өте заманауи, студенттер үшін жайлы орта қалыптасқан. Мен болашақта табысты маман болғым келеді, сондықтан даму үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысамын. Ал мұндай ынтымақтастық – керемет мүмкіндік.
Мейрам Бегентаев, Satpayev University ректоры:
- Бұл – жай ғана ғимарат емес, бұл – руханият. Қ.И. Сәтбаев мұнда тек ғалым ретінде емес, ағартушы ретінде де танылады. Мұнда өте қызықты технологиялар бар. Ғылым саласында шекара болмайды. Біздің университет тарапынан да тың ұсыныстар бар. Түрлі елдің студенттері мен профессорлары бірлесіп жұмыс істегенде, тиімді нетворкинг қалыптасады.
Біздің елде қазір 2 мыңға жуық пәкістандық студент білім алады. Бұл тек бастамасы дейді білім экспортының басы-қасында жүргендер. Өйткені Пәкістандықтар арасында қазақ біліміне деген сұраныс жоғары. Сондықтан Қазақстандағы оқу орындарына ресми Исламабад тарапынан ұсыныс түсіп жатыр. Ал біз білімді ала да, бере де білеміз. Ғылым министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, академиялық дипломатия осылай қалыптасады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Пәкістан халқы – 255 миллион, ислам елдерінің ішіндегі ең халқы көп мемлекеттердің бірі. Орта тап өсіп келеді. Жоғары білімге сұраныс жоғары. 94 миллион жас бар. Сондықтан біз осы орталықтар арқылы осында көпірлер сала бастаймыз. Пәкістан үкіметінен мұнда қазақстандық университет ашу туралы сұраныс түсті. Қазір Қарағанды политехникалық университеті, не Сәтбаев университеті, немесе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ нұсқалары қарастырылуда.
Әл-Фараби атындағы орталық ашылды
Исламабадтағы жетекші мемлекеттік Қайд-и-Азам университетінде Әл-Фараби атындағы орталық ашылды. Бұл оқу ордасында жаратылыстану мен әлеуметтік ғылымдар бойынша мықты база қалыптасқан. Дәл осы орталыққа ұлы ойшылдың есімі берілуі тегін емес. Себебі, Әль-Фараби саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған тұлға. Оның трактаттары пәкістандық ғалымдарға да үлгі.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық ашылды
Ал үшінші ғылыми орталық - Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінде ашылды. Оған Қожа Ахмет Ясауи аты берілді. Жаңа алаң екі ел арасындағы мәдени байланысты тереңдетуге бағытталмақ. Мұнда түрлі ғылыми конференциялар өткізу жоспарланған.
Асма Мансур, PhD, Исламабад Халықаралық ислам университетінің ассистент-профессоры:
- Бұл орталықтың ашылуы – біздің университет үшін үлкен қадам. Студенттер мен профессорлар конференциялар мен алмасу бағдарламалары аясында қазіргі әлемдік мәселелер бойынша аса қажет диалогты қайта жандандыра алады. Әзірге бәрі бастапқы кезеңде, бірақ бұл біз үшін өте маңызды.
Пәкістандық балалар тоғызқұмалақ үйренеді
Пәкістандықтармен байланыс біліммен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, қазақ спортында нәсихаттауға мүмкіндік туды. Сондықтан Қазақстанның қолдауымен Исламабадта «Достық» деп аталатын мына орталық ашылды. Мұнда жастар тоғызқұмалақ ойнап, қазақ күресін меңгермек. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында сауда мен логистика, білім мен ғылым және басқа да көптеген бағыттар бойынша шамамен 70 құжатқа қол қойылады деп күтілген.

