Қазақстандықтар қоршаған ортаны қорғауға ден қоюда

Адамзат пластикқа қарсы соғыс жариялады. Қоршаған ортаны ластамас үшін кең тараған тұрмыстық қалдықтың осы түрін қайта өңдеп, зияны аз болатын баламалы түрлеріне алмастыруда. Бұған қатысты тиісті заңдар да аз шығып жатқан жоқ. Халықаралық зерттеу көрсеткендей аптасына бір банк картасын әзірлеуге жететін пластик адам ағзасына енеді екен. 

Айнур Батырханова, Қоқысты пайдалану жөніндегі ұйымының менеджері:

- Көптеген зертеу жұмыстарының қорытындысы көрсеткендей қазір микропластиктер адам ағзасында, тіпті жаңа туған нәрестеден табылып жатыр. Ол ана сүтінде, Эверест тауының шыңында, Мариан шұңғымасында да кезігеді. Ол жерде адамдар пластикті қолданбайды, бірақ ол жаққа да жетіп жатыр. Пластик толықтай жойылып кетпейді, яғни оның тамақтану тізбегі арқылы жетпейтін жері жоқ. Сондықтан пластик жан-жаққа тарап, жайылып жатыр.

Бұл мәселе қазақстандықтарды да алаңдатпай қоймайды. Сарапшылардың пайымынша, жергілікті халықтың экологиялық мәдениеті жақсарып келеді. Мәселен, қоғам полиэтиленнен жасалған пакеттерді азырақ қолдана бастады. Адамдар оның орнына матадан тігілген   биопакеттерді жиірек кәдеге жарата бастаған.

Блиц:

- Бұл ең алдымен қоршаған ортаны қорғаудың қамы әрине. Кәдімгі пакеттерді қолданбау ақша үнемдеудің де бір жолы. Биопакеттер өте қолайлы, әрі ұзақ уақыт пайдалануға жетеді. Полиэтиленнен жасалғаны қажет емес.

- Экология үшін алып отырмыз. Меніңше, полиэтиленді азайтып, осындай экологиялық таза сөмкелерді пайдаланып жатырмыз. Бұл қаптар өте тиімді және экологиялық таза.

- Біріншіден табиғатты қорғау үшін осындай қапшықтар сатып аламын. Екіншіден тұрмыста аса қажет затқа айналды. Бірнеше рет қолдануға жарайды.

«Бұл тың үрдісті ірі сауда орындарының барынша қолдауы қуантады», дейді табиғат сақшылары. Қазір олардың дені сатып алушыларға полиэтиленнің орнына биопакеттер ұсынады. Бұған қоса, зиянды қапшықтар келушілерге  тегін берілмейді. Адамдардың көбі пакет үшін ақша жұмсағылары келмейді. Осындай игі бастамалардың арқасында тек бір ғана ірі дүкенде пластикалық пакеттерді қолдану көрсеткіші 60% дейін төмендеген. 

Әсел Айтмағамбетова, Нұр-Сұлтан қ. гипермаркет менеджері:

- Біз адамдарға алған заттарын салу үшін биопакеттер ұсынамыз. Сондай-ақ пластик ыдыстарды зияны жоқ экологиялық таза түрлеріне алмастырдық. Нәтижесінде ондаған миллион полиэтилен қапшықтары қоршаған ортаға тасталған жоқ. Біздің бастаманы қолдаған сатып алушыларға алғыс білдіреміз. Өзгелері олардан үлгі алу керек.

Айнұр Батырханова, қоқысты пайдалану жөніндегі ұйымының менеджері:

- Қазіргі таңда қоғамда «Zero Waste» деп аталатын тәжірибе жақсы қалыптасып келеді. Яғни өз қапшығымен келуді үйреншікті дағдыға айналдыру. Сондықтан барша азаматтарды табиғатты қорғап, қоршаған ортаны ластамауға шақырамыз. Егер   полиэтилен қапшығын сатып алсаңыз да қам жемеуге болады. Оларды қайта өңдеу орындарына тапсыруға болады. Алдымен оларды түрлі қалдықтар мен майдан тазартып алуды ұмытпау керек. 

Қапшықтарды жуып, тазалап қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындарға тапсыруға болады. Сол кезде оның зиянынан пайдасы молырақ болады. Мәселен пластмассадан жасалған ыдыстар мен қапшықтарды 7 ретке дейін өңдеуге жарайды екен. Кейін бәрібір оларды қоқысқа төгуге тура келеді. Эко белсенділердің пікірінше бұл мәселені шешу үшін арнайы заң қабылдау қажет. Құжатта азаматтар қоқысты дұрыс сұрыптау міндеттелуі тиіс дейді, сарапшылар. Бұл орайда әрбір адам өз айналасын ластамау үшін не істеуім керек деп ойлануы керек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов