Қазақстанға келген шетелдік туристер саны үш есеге артты

2023 жылдың жазының басынан бері Қазақстанға 250 мыңнан астам шетелдік келген. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседен астам жоғары. Өткен жылы елімізге 77 мыңнан астам шетелдік қонақ келген еді.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰҚ баспасөз-хатшысы:

- E-konak ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша, жаздың басынан 23 шілдеге дейін ТМД елдерінен келген туристер саны 180 мың адамды немесе олардың жалпы санның 72%-ін құрады. Бір қызығы, өткен жылы бұл көрсеткіш 77%-ті құраған. Яғни, алыс шетелдерден келетін туристердің үлесі артып келеді. Мәселен, Моңғолиядан келген туристер саны 11,6 есе – 489-дан 5,5 мыңға, Қытайдан – 8,5 есе – 2 мыңнан 18 мыңға дейін, Үндістаннан – 4,7 есе, Оңтүстік Корея мен Иран елдерінен – 3,8 есе, Германиядан – 3 есе, ал Америка Құрама Штаттарынан – 2,2 есеге артқан.

Туристердің таңдауы негізінен Алматы, Астана, Алматы және Маңғыстау облыстарына түседі.