Қазақстанға Сауд Арабиясынан туристер тартылады

Жүз рет естігеннен гөрі бір рет көрген дұрыс. Қазақстан блогерлер, бұқаралық ақпарат құралдары және Сауд Арабиясының туристік компанияларының өкілдеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырады. Танымдық іс-шара Араб түбегіндегі ел азаматтарына Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, өз көзімен тамашалап қайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ қос елдің туризм бағытында әріптестік аясын кеңейте түспек. Еліміздің туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Корольдіктің біздегі елшісі - Файсал Ханеф Х.Алкахтанимен кездесуінде саланың әлеуеті талқыланды. Айта кетейік, келесі жылы тараптар мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен іс-шаралар өткізуді межелеген. Сонымен қатар, Сауд Арабиясының өкілдері V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырылды. Естеріңізге сала кетейік, іс-шара 2024-ші жылдың қыркүйегіне жоспарланған.