Қазақстандағы реформалар: Саяси жаңғырту үдерісі

Қазақстанда қоғамдық-саяси жаңғырудың ең маңызды кезеңі аяқталды. Билік тармағын қайта құру үрдісіне өткен жылдың басында Президент бастау берді. Еске сала кетейік, 5 қарашада еліміздің 17 өңірінде 42 аудан мен облыстық маңызы бар үш қаланың әкімдері сайланды. Бұл саяси реформалар қоғамды демократияландыруға және аймақ басшыларының тәуелсіз шешім қабылдауына жол ашты. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осындай пікірімен бөлісті.  Оның пайымынша, тың өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа қырын қалыптастырады. Сонымен қатар билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты сапаландыра түседі. Түптеп келгенде, қазақстандықтар өз елді мекендерінің дамуына тікелей әсер ете алады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Бұл биліктің мүлдем басқа түрі деп айтуға болады. Жаңа құрам жаңа қарым-қатынас. Әкім жанама түрде сайланғанымен, оны көпшілік таңдады, сондықтан уәдесіне берік болуға тырысады. Өңірге инвестиция  тарту, аймақта тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне көбірек араласады. Облыстағы құқық саласы, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сынды республикалық ұйымдардың қызметін үйлестіру сынды өзіне жүктелген міндеттерді атқаруы тиіс.  Алдағы уақытта президенттік мерзімде мәслихаттарда кем дегенде екі саяси науқан өткізіп, әкімдерді тағы екі рет сайлап үлгереміз деп ойлаймын. Осы уақыт ішінде адамдар саналы түрде таңдау жасайтын саяси мәдениетті қалыптастыруымыз керек.

Депутаттың айтуынша, бұл Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған реформалардың бір бөлігі ғана. Алайда, бүгінгі таңда еліміз бен экономиканың қарқынды дамуы үшін институционалдық негіз қалыптасқан. Осылайша қазақстандықтардың әл-ауқаты да арта түсті. Еске сала кетейік, президент сайлауынан кейін 1 жыл уақыт өтті. Оның қорытындысы бойыша Парламенттің қос палатасы мен мәслихаттар да айтарлықтай жаңартылды.Қазақстандағы реформалар: Саяси жаңғырту үдерісі