Қазақстанның қор нарығында жеке инвесторлар саны артты

Қазақстанның қор нарығында жеке инвесторлар саны артты

Қазан айында орталық депозитариде 8 мыңнан астам жеке тұлға есепшот ашқан. Ал жыл басынан бергіні есептесек, 73,5 мыңға жуықтайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Айта кетейік, 15 қарашада KASE Global алаңында АҚШ-тың ірі компанияларының акциялары саудалана бастайды. Әлемге танымал 27 компанияның акциялары қолжетімді болмақ. «Халықаралық нарықта сұранысқа ие құнды қағаздар саудасы инвесторлар санын тағы да еселей түсуі мүмкін», – дейді сарапшылар.

Наталья Хорошевская, Қазақстан Қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары:

- Нарықта инвестордың көп болғаны жақсы. Олар біздің биржаның заңды жұмыс істейтінін көріп сенім артса, ірі компаниялар да акцияларын саудаға шығарып, осы нарықтан инвестор іздей бастайды. Яғни қор нарығында белсенділік артады. Жергілікті брокерлер тәжірибе жинайды. Қазақстандық компаниялар қор нарығы арқылы түрлі инвесторлардан қаржы тартуға мүмкіндіқ алады. Бұл ел экономикасын көтеруге сеп болады.